ТАЗА АУЛА, ТӘРТІПТІ ҚАЛА: КЕНТАУДА ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ

Кентау қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы кешенді профилактикалық іс-шаралар қарқынды жүргізілуде. Қаланың эстетикалық келбетін жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруды мақсат еткен бұл жұмыстар аясында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген жаңа заңнамалық талаптар кеңінен түсіндірілуде.

Аталған өзгерістерге сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, елдімекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру қағидаларын орындау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың заңмен белгіленген тікелей міндеті болып табылады.

Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков бастаған арнайы топ сектор мамандары және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, тұрғындармен және кәсіпкерлік нысан иелерімен жүйелі түрде кездесулер өткізуде. Кездесу барысында жаңа талаптарға сай әрбір тұрғын өз үйінің айналасындағы 5 метрлік аумақтың тазалығына толық жауапты екендігі, атап айтқанда, қоқыс пен реттелмеген шөптен арылу секілді санитарлық қағидалардың орындалуы маңызды екені жеткізілді. Заң талаптарын бұзған жағдайда алғашқы рет ескерту жасалатыны, ал ескертуге құлақ аспағандарға 130 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынатыны ескертілді. Бұл жауапкершілік кәсіпкерлік нысандарына да қатысты болып, заң талаптарын сақтамаған заңды тұлғаларға 1 297 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылғаны қатаң ескертілді.

Атқарылып жатқан түсіндіру жұмыстары арнайы ақпараттық парақшаларды таратумен ұштастырылуда. Қатысушыларға тазалық пен тәртіптің әрбір азаматтың ортақ парызы екені ұғындырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндірілуде. Қала аумағындағы барлық секторларда басталған бұл профилактикалық шаралар заң нормалары толық сақталғанша және тұрғындардың жауапкершілігі артқанша жүйелі түрде жалғасатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар