ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰҒЫРЫ – САНАЛЫ ҚОҒАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Арыс қаласының тыныштығы мен тұрақтылығы – елдігіміздің ең басты құндылығы, ал қоғамның берекесін сақтау әрбір саналы азаматтың ортақ парызы. Заманның ағымымен бірге ақпарат легі де күшейіп, жаһандану үдерісі жаңа сынақтарды ала келген тұста рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды міндетке айналып отыр.

Осы орайда Арыс қаласы көлемінде дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен маңызды кездесулер ұйымдастырылып, өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді шаралар өтті. Қаражантақ пен Жиделі елді мекендерінің тұрғындары, Қожатоғай ауылының жастары, сондай-ақ С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары мен ата-аналары қамтылған бұл жиындардың басты тақырыбы «Деструктивті діни ағымдардан сақтандыруға» арналды.

Шараның түпкі мақсаты халық арасында дәстүрлі Ислам дініміздің асыл құндылықтарын терең таныту, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету және жат ағымдардың идеологиясынан қорғану болып табылады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің белең алғаны сонша, ғаламтор кеңістігіндегі теріс ағымдардың уағыздары мен көзделген мақсаттары жас ұрпақтың санасын улаудың қауіпті құралына айналып отыр. Жиын барысында мамандар осы қауіптің алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп, виртуалды кеңістіктегі күмәнді контенттен сақ болу керектігін ерекше атап өтті.

Кездесу тек ақпарат берумен шектелмей, қатысушылардың белсенді диалогына ұласты. Тұрғындар мен жастар көкейлерінде жүрген толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі тұщымды жауаптар алды. Мұндай ашық пікір алмасу форматы азаматтардың құқықтық және діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, жергілікті жердегі өзара түсіністік пен татулықты нығайта түсетіні анық. Қаланың тыныштығы мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан осындай игі бастамалар өңірдегі рухани қауіпсіздіктің мықты қалқанына айналып, ел бірлігін бекемдеуге өз үлесін қосуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар