Қазақстан мектептерінде оқушылардың сабаққа қатысуын автоматты түрде есепке алатын Face ID жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл бастама білім беру саласын цифрландыру және оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейту мәселелері аясында қарастырылды.
11 қарашада Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту, білім беру саласын цифрландыру және мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, өңірлер мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Оқу-ағарту министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, өңірлерді Ұлттық білім беру платформасына кезең-кезеңімен қосу жоспарын әзірлеген. Жаңа платформа мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, білім беру саласындағы деректердің дәлдігін арттыруға және бюджет қаражатының жұмсалуын ашық бақылауға бағытталған.
Кеңесте мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру мәселесі де қаралды. Атап айтқанда, балабақшалардағы мемлекеттік білім беру тапсырысының құнын есептеудің бірыңғай әдістемесін енгізу ұсынылды. Бұл ретте өңірлердегі шығын айырмашылықтарын ескеретін арнайы түзету коэффициенттерін қолдану мүмкіндігі пысықталмақ.
Жиында білім беру ұйымдарында Face ID технологиясы арқылы кіруді бақылау жүйелерін жаппай енгізу қажеттігі де айтылды.
Мұндай жүйе оқушылардың мектепке келген және кеткен уақытын автоматты түрде тіркеуге, сабаққа қатысуын есепке алуға және мектеп ғимаратына бөгде адамдардың кіруін бақылауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Дегенмен Face ID жүйесін барлық мектепке енгізу туралы түпкілікті шешім, оны іске асыру мерзімі мен техникалық тәртібі әзірге жарияланған жоқ.
Сонымен қатар мұндай технологияны енгізу кезінде оқушылардың жеке деректерін қорғау, биометриялық ақпаратты сақтау және оны пайдалану тәртібі де маңызды мәселе болмақ.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге білім беру саласын цифрландыруды жалғастыру және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.
