БӨРТЕ – ҰЛЫ ДАЛА ПАТШАЙЫМЫ: АЛМАТЫДА ҮШ ТІЛДЕ ЖАРЫҚ КӨРГЕН КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Алматыда XIV халықаралық «Ұлы Жібек жолымен» кітап және полиграфия көрмесінде ақын, әдебиеттанушы ғалым Жанат Әскербекқызы Аймұхамбеттің «BÖRTE. Ұлы дала патшайымы» атты кітабының тұсауы кесілді. Arman-PV баспасынан жарық көрген еңбек Шыңғыс ханның жары, Жошы, Шағатай, Үгедей мен Төленің анасы Бөртенің тарихи тұлғасын жас оқырманға таныстыруды мақсат етеді.
Бұған дейін қазан айында Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылған кітап енді Алматы оқырмандарына жол тартты. «Ұлы дала мұрасы» топтамасына енген 128 беттік басылымда қазақ тіліндегі түпнұсқа мен орысша, ағылшынша аудармалар бір мұқабаға жинақталған.

Бас Орданың иесі

Шыңғыс хан туралы сөз болғанда, көбіне оның жорықтары, құрған мемлекеті мен ұлдарына бөліп берген ұлыстары айтылады. Ал Жанат Аймұхамбет сол дәуірге Бөртенің өмір жолы арқылы үңіледі.

Қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте Темүжінмен ол әлі хан атанбай тұрған кезде шаңырақ көтерген. Кейін ұлы қағанның ең сенімді серігіне айналған ханымның тарихи орнын автор олардың жастай бірге көрген қиындықтары, ел ішіндегі қарым-қатынасты ерте таныған Бөртенің ақыл-парасаты арқылы ашады.

Шыңғыс ханның әр әйелінің өз ордасы болғанымен, Бөртенің орны айрықша еді. Ол қағанның сүйікті жары ғана емес, қиын-қыстау кезеңде кеңесіне құлақ асқан сенімді серігі әрі Бас Орданың иесі болды. Ханның туы мен мөрі сақталған осы ордада шетелдік елшілер қабылданып, мемлекеттік кеңестер өткізілген.

Автор келтірген деректерге сүйенсек, Шыңғыс хан жорыққа аттанғанда ел ішінің тыныштығы мен қазынасын бақылау міндеті анасы Уәлін мен Бөртеге жүктелген. Бұл – ханымның мемлекет басқару ісіндегі ықпалы мен қағанның оған артқан сенімін аңғартатын маңызды дерек.

Кітапта Бөртенің ана ретіндегі тұлғасына да назар аударылады. Жошы, Шағатай, Үгедей мен Төленің анасы туралы сөз болғанда, автор жазба шежірелермен қатар халық жадында сақталған аңыз-әңгімелерге де жүгінеді. Мәселен, Жошыға қатысты аңыздардың бірі этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегінен алынған.

Осы арқылы оқырман тарихи дерек пен халық арасында тараған әңгіменің ара-жігін ажыратып, Бөрте өмір сүрген дәуір туралы кеңірек мағлұмат алады.

Жасөспірімдерге арналған кітаптың тағы бір ерекшелігі – көне сөздер мен тарихи ұғымдардың түсінікті берілуі. Бөртенің ұзатылуы баяндалған тұста күйме мен желек секілді ұғымдар мәтіннің жиегінде түсіндіріледі. Ал «Бөрте» пьесасының авторы, жазушы Дулат Исабековтің шығармашылығына тоқталу арқылы ханым бейнесінің бүгінгі қазақ әдебиеті мен театр өнеріндегі көрінісі де қамтылған.

Тарихты жас оқырманға жақындатқан басылым

Кітаптың тұжырымдамасын Қымбат Қараева әзірлеген. Ғылыми жетекшісі – жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы. Ал көркем безендіру жұмыстарын нейросуретші Владимир Бондарев атқарып, иллюстрациялар жасанды интеллект көмегімен жасалған.

18 қарашада «Атакент» көрме орталығының бас сахнасында өткен тұсаукесер рәсіміне жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Гүлжахан Орда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Көкебаева, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов және Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов қатысты.

2002 жылы құрылған Arman-PV баспасы осы уақыт аралығында қазақ және орыс тілдерінде мектеп оқулықтарын, әдістемелік құралдарды, энциклопедиялар мен тарихи-танымдық еңбектерді жарыққа шығарды. Сонымен қатар мектепке дейінгі балаларға арналған кітаптар мен электронды оқу материалдарын әзірлеп келеді.

Баспа бұған дейін Майя Бекбаевамен бірлесіп «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» кітабын шығарған. Осы тұрғыдан алғанда, «Бөрте» еңбегімен қатар оқуға да тұрарлық. Бір кітапта Жошының ел билеген кезеңі баяндалса, екіншісінде оқырман оның туған шаңырағы мен анасы туралы танып-біледі.

Алматыда жеті елдің баспагерлері бас қосты

Биылғы «Ұлы Жібек жолымен» халықаралық кітап және полиграфия көрмесіне Қазақстан, Ресей, Қытай, Канада, Түркия, Тәжікстан және Өзбекстаннан баспалар, кітапханалар, полиграфия кәсіпорындары мен кәсіби қауымдастықтар қатысты.

18–20 қараша аралығында өтіп жатқан көрмені Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, «Атакент-Экспо» көрме компаниясы, Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы мен Bookfund.kz кітап ісі ақпараттық жүйесі бірлесіп ұйымдастырған. Іс-шара «Білім және мансап – 2026» XXV халықаралық көрмесі аясында өтуде.

Қазақстан атынан Ұлттық кітапхана, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы және Arman-PV, «Алматыкітап», «Атамұра», «Мектеп», «Дарын», «Көкжиек-Горизонт», «Қазақ университеті» баспалары қатысып жатыр.

Көрменің үш күндік бағдарламасына жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, баспагерлер мен сала мамандарының кездесулері, полиграфия технологияларының таныстырылымдары енгізілген.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 6206 атау кітап пен кітапша тіркеліп, олардың жалпы таралымы 7,17 миллион данаға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 586 атауға көп.

Кітап көрмесінің маңызы да осында. Оқырман жаңа басылымдарды қолына ұстап, мазмұны мен безендірілуін бағалап қана қоймай, авторлармен және баспагерлермен тікелей жүздесе алады.

Франкфурттан кейін Алматыда оқырманға жол тартқан «BÖRTE. Ұлы дала патшайымы» кітабы қазақ тарихындағы әйел тұлғалардың орнын жас ұрпаққа танытуға бағытталған маңызды еңбектердің бірі. Бөртенің тарихи келбетін тану – тек Шыңғыс хан дәуірін білу емес, сол заманның саяси өмірінде өзіндік орны болған әйел тұлғасын тану.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар