ЕҢБЕК ШАРТТАРЫН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖАЛҒАСУДА

Шымкентте 14 160 белсенді кәсіпорынның 11 622-сі ғана (82%) өз жұмысшыларының шарттары Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркеген. Ал бұл кәсіпорындардағы 199 990 жұмыскердің 173 620-сы, яғни 87%-ы цифрлық жүйеде көрініс тапқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Жеңіс МАҚҰЛБАЕВ баяндады.

Департмент басшының мәлімдеуінше, кейбір кәсіпорындар еңбек шарттарын цифрландыруға асығар емес. Қаладағы ауқымды инвестициялық жобалар мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы да нақты көрсеткіштермен салыстырғанда бәсең жүріп жатыр.

— Еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізіледі. Бұл жұмыс берушінің еңбек шартын қағаз жүзінде ғана  жасасуды алып тастауға да мүмкіндік туғызады, — деп атап өтті Жеңіс Тілләбайұлы.

Алайда статистикаға сәйкес, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі көрсеткіштің өзі жыл басынан бері бірқатар кәсіпорындардың уақытша тоқтап қалуы себепті төмендеген. Қазіргі таңда тіркеуге енбей қалған кәсіпорындардың тізімі жасақталып, әрқайсымен жеке түсіндіру мен ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары  белсенді түрде жүргізілуде.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары 2025 жылдың есептік кезеңінде  225 азаматты жеке қабылдап, еңбек заңнамасы бойынша кеңес берген.  43 семинар-кеңес ұйымдастырып, жергілікті телеарналарда 10 сұхбат беріп, әлеуметтік желілерде 32 ақпараттық жазба жариялаған.  Бұдан бөлек, 3 «дөңгелек үстел» өткізіліп, еңбек қатынастарына қатысты түрлі мәселелер талқыланған.

Барлық шаралар Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің Facebook және Instagram парақшаларында жарияланып, көпшілікке қолжетімді етілуде.

Департамент алдағы уақытта мақсатты индикаторлар көрсеткіштеріне толық қол жеткізуді көздеп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыратынын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар