FLORAX: ГҮЛ САУДАСЫН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІМЕН БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

Шымкентте креативті ойларын іс жүзінде жүзеге асырып, өз жобаларын дамытқысы келетіндер қатары артып келеді. Олар Shymkent HUB орталығына тіркеліп, стартап жобаларын дамытып жүр. Shymkent IT HUB – стартап жобаларға, жас IT мамандарға қолдау көрсететін мүмкіндіктер алаңы. Осы  орталықтың көмегімен жүзеге асқан жобалардың бірі – Florax гүл сататын дүкендерге арналған ERP цифрлық жүйесі.

Florax жасанды интеллект жүйесі арқылы тұрғындарға кең таңдауды ұсынып, гүлдің бағасын автоматты жүйеде есептеп береді және флористердің жұмысын жеңілдетеді.

Florax жобасының негізін қалаушы — Арухан Кеңес. Айтуынша,  Florax жобасының идеясы інісінің Erkele Flowers атты гүл дүкенін ашуға көмектескен кезде пайда болған.

«Сол уақытта мені «гүл бизнесіне арналған арнайы бағдарламалар бар ма?» деген сұрақ қызықтырды. Битрикс, 1С немесе «Мой склад» сияқты жалпы бағдарламалардан бөлек нақты шешім таба алмаған соң, өзім осындай бизнесті басқаруға арналған арнайы сайтты құрастыруға кірістім. Біз бұл жобаны 9 ай бойы дамытып, жақында ғана алғашқы жасанды интеллект моделін іске қостық. Жүйеміздегі жасанды интеллект сурет арқылы гүлдердің санын, сортын анықтап, бірден бағасын есептеп, тіпті гүл шоғындағы барлық гүлдерді толық нақтылап береді» дейді Арухан.

Жоба авторлары енді жай ғана есеп жүйесін емес, үлкен Florax экожүйесін құруды мақсат етіп отыр. Бұл жүйеде көтерме саудагерлер, гүл дүкендері мен қарапайым тұтынушылар бір ортада бірігеді. Әрине, кез келген үлкен істің дамуына уақыт қажет. Дегенмен, қазірдің өзінде тек Шымкенттің өзінде оннан астам гүл дүкенімен серіктес болып үлгерген. Сондай-ақ, Алматы, Астана қалаларында және өзге де өңірлерде осы жүйені қолданатын дүкендер саны күн сайын артып келеді.

«Біз Қазақстан бойынша белсенді жұмыс істейтін дүкендердің санын 500-ге жеткізген соң, халыққа арналған арнайы мобильді қосымшамызды іске қосамыз. Ол арқылы гүлді тез әрі оңай табуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, қосымшадағы виртуалды ЖИ-менеджер сізге гүл таңдауға көмектеседі. Біздің басты мақсатымыз – гүл бизнесіндегі ең қиын процестерді автоматтандыру арқылы гүл сатушы мен сатып алушының жұмысын жеңілдету, уақытын үнемдеу. Себебі, гүл кәсібінде, әсіресе мереке күндері, жұмыс қарбалас болады, – дейді А.Кеңес.

Shymkent HUB-тың өңірлік менеджері Тимур Қозыкеевтің айтуынша, технопарктің басты мақсаты – IT экожүйесін дамыту, Арухан Кеңес секілді талантты жастарға қолдау көрсету. Оның айтуынша, қазіргі таңда оннан астам әлеуетті стартап жобалар дайын. Олар түрлі салаларды қамтиды. Әлеуметтік жобадан бастап, денсаулық сақтау, білім, көлік, сауда, ауылшаруашылығы және тағы басқа бағыттардағы серпінді бастамалар.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар