Биыл Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие болып, тарихи маңызы мен болашақ дамуына жаңа серпін берді. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қабылданған қаланың Дизайн коды, осы жаңа кезеңнің маңызды құралына айналды. Бұл құжат қаланың эстетикалық келбетін жақсартып, туристік тартымдылығы мен бизнес беделін арттыруға бағытталған стратегиялық жобалардың негізін қалайды.
Дизайн-код – бұл тек сәулеттік талаптар жиынтығы ғана емес, ол Түркістанның бірегей сәулеттік стилін қалыптастыруға бағытталған кешенді бағдарлама. Оның басты мақсаты – қаланың мәдени мұрасын сақтай отырып, сәулет-көркемдік тұрғыда бірыңғай стильді қалыптастыру және тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы қалалық орта құру.
Алдағы уақытта Түркістан қаласындағы барлық сәулеттік жобалар қаланың Бас жоспары мен Дизайн кодына сәйкес жүзеге асырылады. Бас жоспар қаланың 2040 жылға дейінгі даму перспективасын айқындайды. Онда тарихи орындар мен ескерткіштерді сақтау, инфрақұрылымды жақсарту және туризмді дамытуға басымдық берілген. Дизайн-код болса, осы даму жоспарын іске асырудың көркемдік және эстетикалық аспектілерін реттейді. Барлық жобалардың уақытында аяқталып, ел игілігіне тапсырылуы – қаланың болашақ дамуының маңызды шарты.
Түркістанның бірегей сәулеттік стилін қалыптастыруүшін Дизайн-код келесі талаптарды қамтиды:
Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін безендіру: Барлық жаңа және бұрынғы ғимараттардың сыртқы көрінісі белгіленген сәулеттік стильге сәйкес болуы тиіс. Бұл қаланың біртұтас визуалды бейнесін қалыптастырады.
Сыртқы ақпараттық жүйелер: Жарнамалар, маңдайшалар, ақпараттық тақталар эстетикалық және тілдік талаптарға сай болуы қажет. Олар қаланың жалпы көрінісіне үйлесімді кірігуі тиіс.
Көше навигациясы: Туристер мен қала тұрғындарына бағдар беруге арналған белгілер мен көрсеткіштер заманауи және ыңғайлы болуымен қатар, қаланың стиліне сай безендірілуі керек.
Көше жиһазы: Орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықтандыру құрылғылары сияқты қалалық жиһаздар да бірыңғай стильде жасалып, қаланың сәулеттік шешімдерімен үйлесуі тиіс.
Қалалық кеңістікті жарықтандыру: Кешкі уақытта қаланың көрікті жерлерін ерекшелеп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жарықтандыру жүйелері де Дизайн-код талаптарына сай болуы қажет.
Осыған байланысты Түркістан қаласының әкімдігі Сәулет және қала құрылысы бөлімі мен Бизнесті қолдау және туризм бөлімі бірлесіп, қала аумағындағы заңсыз жарнамалар мен ретсіз сауданы жою, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін Дизайн-код талаптарына сай келтіру мақсатында жүйелі рейдтік іс-шараларды белсенді жүргізуде. Бұл жұмыстарға Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» да атсалысып, жарнама мәтіндеріндегі тіл нормаларының сақталуын қадағалауда.
Түркістан қаласында жыл басынан бері қасбеттерді ретке келтіру аясында 637 жарнама нысаны бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 35 нысан тіркеуге алынып, 602 заңсыз жарнама бөлшектеніп, жойылды. Тексеру барысында сыртқы жарнамалардың орнатылу тәртібі, рұқсат құжаттарының болуы, маңдайша мәтіндерінің эстетикалық және тілдік талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ сауда нүктелерінің тек арнайы белгіленген аумақтарда ғана жұмыс істеуі қатаң назарға алынды. Бұл шаралар Түркістан қаласының 2025 жылы бекітілген Дизайн-кодын іске асырудың маңызды бөлігі болып табылады. Дизайн-код қала аумағындағы ғимарат қасбеттері, жарнамалық құрылымдар, шағын архитектуралық формалар, ақпараттық белгілер мен абаттандыру элементтерінің бірыңғай стильде рәсімделуін қамтамасыз етуді көздейді.

Осылайша, Түркістан қаласының жаңа мәртебесіне сай, оның көркемдік келбетін қалыптастыруда Дизайн-кодтың рөлі айрықша. Бұл құжат қаланың тарихи құндылықтарын сақтай отырып, заманауи талаптарға сай, туристер үшін тартымды, ал тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралардың негізі болып табылады.
