КЕНТАУДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірлердің дамуына тың серпін беріп, ауыл тұрғындарының өміріне оң өзгерістер әкелуде.
Аталған бағдарламаның Кентау қаласындағы жүзеге асырылуы бойынша өткен мәжіліс осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын айғақтайды. Жиында өндірістік кооперативтердің жұмысын жандандыру, жеңілдетілген несиенің тиімділігін арттыру және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды тұрақты табыс көзіне бағыттау сияқты өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.

Мәжіліске қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы төрағалық етіп, жауапты бөлім басшылары, ауыл әкімдері, кооператив төрағалары мен кәсіпкерлер қатысты. Сонымен қатар, жиынға Түркістан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова және «Ырыс» МҚҰ-ның Кентау қалалық филиалының аймақтық несие сарапшысы Дильноза Ташпулатова қатысып, өздерінің сараптамаларымен бөлісті.

Жиын барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылған жобалардың бүгінгі жағдайы сараланып, олардың тиімділігі бағаланды. Кооперативтердің жұмысын жандандыру және ауыл тұрғындарын кәсіпке тарту тетіктері талқыланды. Бұл бағытта жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім өткізу нарығын кеңейту және кәсіпкерлерді қолдау бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Бұл ұсыныстар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың табысын еселей түсуге бағытталған.

Ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы әлеуметтік осал отбасыларды анықтап, оларды жұмыспен қамту, кәсіпке бейімдеу және мемлекеттік қолдау шараларына тарту арқылы «C» санатына көтеру. Бұл тапсырмалар ауылдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беруге бағытталған.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы – бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды мемлекеттік бастама. Ол ауыл шаруашылығын жандандырып, инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік салаға қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы Қазақстанның әрбір өңірінің дамуына, елдің жалпы өркендеуіне зор үлес қосады. Ауылдың әрбір тұрғынының әл-ауқатын арттыру – «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты болып қала бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар