КӨШЕГЕ КІР СУ ТӨККЕН ТҰРҒЫН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Төлеби ауданында үйінен шыққан кір суды көшеге ағызған тұрғынның заңсыз әрекеті тоқтатылды.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында қоғамдық аумақты ластаған тұрғынды анықтады.

Белгілі болғандай, 38 жастағы әйел үйінен шығатын кір су құбырын көшеге бағыттаған. Соның салдарынан ағын су жолға жайылып, тазалық талаптары бұзылған.

Мұндай әрекеттер қоршаған ортаның ластануына әкеліп қана қоймай, санитариялық талаптардың сақталуына кері әсер етіп, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.

Учаскелік полиция инспекторлары азаматшаға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарына сәйкес әкімшілік шара қолданды. Нәтижесінде тұрғын өз әрекетінің заңсыз екенін түсініп, құбырды тиісті тәртіпке келтірді.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Төлеби ауданы аумағында тазалық талаптарын бұзған 1000-нан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары тұрғын үйлерді аралап, азаматтарға мүліктің қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және күмәнді жағдайлар туралы полицияға дер кезінде хабарлау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Полиция тұрғындарды қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және заң талаптарын орындауға шақырады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар