Мақтаарал ауданында сайлау процесінің сапасын арттыру және заңнамалық талаптарды қатаң сақтауды қамтамасыз ету мақсатында кешенді оқыту шаралары қолға алынды. Атакент және Мырзакент кенттерінде учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларына арналған каскадтық семинарлар өткізіліп, бұл іс-шараға аталған кенттер мен Бірлік, Жамбыл, Мақтарал, Жаңажол, Иіржар және Еңбекші ауылдық округтерінің өкілдері белсенді қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – сайлау учаскелерінде ұйымдастырушылық жұмыстарды жүйелеу болды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ш.Сатыбалдиев жаңа Конституциядағы және сайлау заңнамасындағы өзгерістерге толық шолу жасап, сайлау процесіндегі барлық әрекеттердің заң талаптарына толықтай сәйкес болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Баяндама барысында нақты әрі практикалық сипаттағы мәселелерге тоқталды.
Комиссия хатшысы Г.Қалдарбекова құжат айналымын жүргізудің маңыздылығына тоқталып, хаттамалар мен актілерді талапқа сай рәсімдеу жұмыстың сапалы орындалуына негіз болатынын жеткізді.
Ал, Достық, А.Қалыбеков және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты №386-398 және №917 учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысқан семинарды Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Ерімбетов жүргізді. Төраға сайлау процесіндегі барлық әрекеттер қатаң түрде заң талаптарына негізделуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде мінсіз ұйымдастырылған және заңдылықтан ада жұмыстың қоғамдағы сенімді нығайтатынын жеткізді.
Семинар соңында дауыс беру күніне дайындық, сайлау күні дауыс беруді ұйымдастыру, сайлау бюллетеньдерін беру тәртібі, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс беруді ұйымдастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
