ШЫМКЕНТ ДРОНДАРДЫ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ЖЕДЕЛ ШЕШУ ҮШІН ПАЙДАЛАНУДА

Шымкент қаласында басқару жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадам жасалды. Мегаполисте «Smart Shymkent» жобасы аясында алғаш рет дрондар инфрақұрылымы жүзеге асырыла бастады. Бұл бастама Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңі болып табылады және қаланы басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жобаның негізгі мақсаты – қала аумағындағы стратегиялық нысандарды бақылауды күшейту және туындайтын мәселелерді жедел әрі тиімді шешу. Осы мақсатта, қала аумағында 5 дроннан тұратын бірыңғай инфрақұрылым пилоттық режимде іске қосылды. Бұл жаңашыл жүйе «Ақылды қала» тұжырымдамасының ажырамас бөлігі ретінде қаланың дамуына айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.

Дрондардың арқасында Шымкент қаласы бірқатар маңызды міндеттерді тиімді атқара алады. Атап айтқанда, заңсыз құрылыс пен жер иемденуді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік туады.  Дрондардың жоғары резолюциялы камералары мен заманауи бағдарламалық қамтамасыз етуі арқылы заңсыз құрылыс нысандары мен жерді заңсыз иемдену фактілері дереу анықталады. Бұл қала аумағын жоспарлы дамытуға және заңдылықты сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қоқыс алаңдарына жедел мониторинг жасай алады: Қала аумағындағы қоқыс алаңдарының жағдайын үнемі бақылау арқылы қоқыстың жиналуына жол бермей, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға болады. Дрондар арқылы қоқыс тастау ережелерінің сақталуын да бақылауға болады.

Құрылыс барысын фото-бейне бақылай алады. Яғни, қала аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жобаларының барысын дрондар арқылы толық фото-бейне форматта бақылауға болады. Бұл жобалардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге көмектеседі. Өрт, су тасқыны, жол-көлік оқиғалары сияқты төтенше жағдайлар орын алған кезде, дрондар деректерді жылдам жинап, оқиға орнына жедел баруға көмектеседі. Бұл құтқарушылар мен басқа да тиісті қызметтердің уақытылы және тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Шымкентте дрондар инфрақұрылымының іске қосылуы – бұл тек қазіргі мәселелерді шешумен шектелмейтін, сонымен қатар қаланың болашақ дамуына бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және басқару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. «Smart Shymkent» жобасының бұл жаңа кезеңі қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және Шымкентті одан әрі дамыған, заманауи қалаға айналдыруға жол ашады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар