Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Ақбұлақ елді мекенінде алюминий композиттік панельдер өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Инвестициялық құны 2,9 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 3 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Жаңа өндіріс орнында 50 адам жұмыспен қамтылады.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа өндіріс орнының өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ақбұлақта ашылған зауыт осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі саналады.
«Бұл – Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба», – деді Нұралхан Көшеров.
Зауытта 50 адам жұмыс істейді
«Nur Group» компаниясы жүзеге асырған жобаның инвестициялық құны – 2,9 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 3 млн шаршы метр алюминий композиттік панель өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру үшін Ақбұлақ елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 3,9 гектар жер телімі бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған.
Ашылу рәсімінде ауыл ақсақалдары лентаны қиып, жаңа кәсіпорынның жұмысына ақ батасын берді. Кейін облыс әкімі өндірістік нысандарды аралап, технологиялық жабдықтардың жұмысымен танысты. Кәсіпорынның қызметі туралы «Nur Group» ЖШС директоры Абдулла Мухитдин баяндады.

Отандық өнімді экспорттау жоспарланған
Алюминий композиттік панельдер ғимараттардың қасбетін қаптау және сыртқы әрлеу жұмыстарында кеңінен қолданылады. Жаңа өндіріс орны құрылыс саласын отандық материалдармен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге бағытталған.
Сонымен қатар алдағы уақытта зауыт өнімдерін Орталық Азия елдері мен Ресей нарығына экспорттау жоспарланып отыр.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
