«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: КӨШЕ ЛАСТАҒАНДАР ЕНДІ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Созақ ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы бағытта аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы мобильді топ Шолаққорған ауылының орталық көшелерінде, саябақтары мен қоғамдық орындарында кезекті рейдтік іс-шара өткізді. Маңызды шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, полиция бөлімінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қатысты.

Рейд барысында көше бойына тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс материалдарын бейберекет тастаған тұрғындар анықталып, оларға абаттандыру қағидаларын сақтау қажеттігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жауапты мамандар қоршаған ортаны ластау әрекеттеріне қоғамда «нөлдік төзімділік» қалыптастыру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ заң талаптары қайталанған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, айыппұл салынатынын қатаң ескертті.

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғындардың өз ауласы мен үй маңындағы аумақтың тазалығын сақтауына бақылау айтарлықтай күшейтілді. Кез келген экологиялық тәртіпсіздікке «нөлдік төзімділік» қағидаты қолданылып, белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда заң шеңберінде тиісті әкімшілік шаралар көріледі.

Аудан әкімдігі тазалықты сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Әр тұрғын өз үйінің ауласын, қақпасының алдын және оған іргелес аумақты таза ұстауға міндетті.

Созақ ауданының билігі барша тұрғындарды қоршаған ортаны аялауға және туған жердің көркеюіне бірге үлес қосуға шақырады. Себебі тазалық пен тәртіп — мәдениеттің, жауапкершіліктің және елге деген құрметтің айқын көрінісі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар