Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау салтанатында ел тарихындағы елеулі саяси жаңалық – бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу туралы маңызды мәлімдеме жасады. Бұл шешім, Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституция күшіне енген сәттен бастап тиісті Жарлыққа қол қою арқылы жүзеге асырылады және осы жылдың тамыз айында өтеді. Бұл алдын—ала жасалған хабарлама саяси партияларға сайлау науқанына дайындық жасауға және сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуге шамамен бес ай уақыт береді.
Жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін қолданыстағы барлық негізгі заңдар жаңа Конституция нормаларына сәйкестендірілуі тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмыстарына белсене кірісіп үлгерді. Президент депутаттардың заң жобаларын мұқият және жедел қарастыратынына сенім білдірді.
«Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым», — деді Мемлекет басшысы. Бұл қадам еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, демократиялық процестерді тереңдете түсетіні сөзсіз.
