Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған құрылыс, абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалардың дайындығымен танысу мақсатында бірқатар нысандарды аралады. Бұл сапардың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету.
Нысандарды аралау барысында қала басшысы жобалардың бастапқы ұсыныстарын мұқият қарап, ең бастысы, тұрғындардың пікірін тыңдады. Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, кез келген абаттандыру жұмысының негізгі мақсаты – халықтың қажеттіліктері мен тілектерін ескеру.
Алдымен Әзімбек Пазылбекұлы М.Пошанов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға арналған жоба ұсынысымен танысты. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аула аумағын әрлеу, құрылыс жұмыстарын қажет ететін бөліктері мен жарықтандыру, балалар ойын алаңын жаңарту және көгалдандыруды күшейту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Қала басшысы жауапты мамандарға тұрғындар көтерген мәселелерді ескерген толыққанды жоба әзірлеуді, сондай-ақ аула қауіпсіздігі мен функционалдығын басты назарға алуды тапсырды. Бұл шаралар аулаларды жайлы демалыс және ойын аймақтарына айналдыруға бағытталған.
Сондай-ақ, қала басшысы Усманов көшесіне аллея аумағын қарап, демалыс аймағы тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз және қала сәулетіне сай болуы керектігін атап өтті. Жауапты мамандарға біртұтас концепциясын әзірлеуді және қажетті техникалық құжаттамаларды дайындауды жүктеді. Жаңа аллея қала тұрғындарына серуендеуге, таза ауамен демалуға және қаланың көркем келбетін тамашалауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Аралау барысында сонымен қатар қала басшысы Кентау тас жолы бойына веложол салу бойынша ұсыныспен танысты. Веложол салу – қаладағы экологиялық мәдениетті арттырып, тұрғындар үшін жаңа қауіпсіз бағыт қалыптастыруға бағытталған бастама екенін атап өткен қала басшысы жауапты мамандарға қажетті инфрақұрылым мүмкіндіктерін және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, жоба әзірлеуді тапсырды. Бұл жоба қала тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, көлік кептелісін азайтуға және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді деп жоспарлануда.
Бүгінде қала аумағын көгалдандыруды қамтамасыз ететін арнайы тұқымбақ жұмыс жасауда. Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған арнайы жылыжайлар қарастырылған. Бұл жылыжайларда көшеттердің өсуіне қажетті агротехникалық талаптар сақталып, жыл он екі ай бойы үздіксіз өсіру үрдісі жүргізіледі. Өскіндер белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін қала көшелеріне, саябақтар мен аллеяларға отырғызылып, абаттандыру жұмыстарына пайдаланылады. Бұл жүйелі жұмыс қаланың жасыл желектерін молайтып, әсем көрінісін жасауға зор үлес қосады.
Жалпы, қала әкімінің бұл аралауы абаттандыру саласындағы жұмыстардың жандана түсетінін, тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылуына серпін беретінін айғақтайды. Әзімбек Пазылбекұлының тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың ұсыныс-тілектерін ескеруі – бұл жобалардың халықтың игілігіне қызмет ететінінің кепілі болып табылады.
