МАҚТААРАЛДА ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалдығымен өткен мәжілісте қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов баяндама жасап, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда төтенше жағдайлар туындағанда мемлекеттік органдардың жедел әрекет ету алгоритмінің бекітілгенін атап өтті. Аталмыш алгоритм елдегі немесе жекелеген аймақтардағы тұрақтылыққа қатер төндіретін дағдарыстар, жаппай тәртіпсіздіктер, шерулер немесе қауіпсіздікке нұқсан келтіретін өзге де қақтығыстар орын алған кездегі билік құрылымдарының үйлесімді, құқықтық іс-әрекеттерінің жиынтығын білдіреді. Оның басты мақсаты – конституциялық құрылысты қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру және жағдайдың ушығуына жол бермеу.

Дегенмен, мәжіліс барысында кейбір мемлекеттік органдар тарапынан аталған талаптардың толық орындалмай отырғаны сынға алынды. Қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін оқиғалар туралы ақпараттың аудан әкімдігіне уақытылы жеткізілуі қажеттігі айтылып, полиция, медицина мекемелері және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара ақпарат алмасуды күшейту міндеті қойылды.

Мұндай дағдарыс жағдайларында ведомстволар алдымен ақпараттық мониторинг жүргізіп, қатердің сипатын бағалайды және дағдарысқа қарсы арнайы штабтар құрады. Күштік құрылымдар мен атқарушы органдар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, стратегиялық нысандарды күшейтілген күзетке алады, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын жүзеге асырады. Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздікке баса мән беріліп, жалған ақпараттың таралуына қарсы тұру және халыққа ресми мәліметтерді жедел жеткізу жұмыстары ұйымдастырылады.

Жиын барысында этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқаны да хабарланды. Атап айтқанда, этнос өкілдері көп шоғырланған елді мекендер бойынша арнайы әлеуметтік карталар әзірленіп, бейресми көшбасшылармен тұрақты кездесулер өткізіліп отыр. Мемлекеттік органдар мен жергілікті құрылымдардың үйлесімді жұмысы мен бұл шаралар дағдарыс ошақтарын бейбіт жолмен ауыздықтауға және елдегі тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар