РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖҰМЫС ТОБЫ КЕНТАУ ТҰРҒЫНДАРЫНА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫН ТҮСІНДІРДІ

Түркістан облысына келген республикалық делегация Кентау тұрғындарымен және энергетика саласының қызметкерлерімен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына келді.

Делегация құрамында ҚР Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бар.

Сапар аясында жұмыс тобы Кентау қаласының тұрғындарымен, өндіріс және энергетика саласының қызметкерлерімен кездесті.

Алғашқы кездесу қала әкімдігінде өтіп, оған 150-ге жуық тұрғын қатысты. Жиынды Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жүргізді.

Кездесу барысында Жолдауда белгіленген ел экономикасын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрлық экономиканы дамыту, инвестиция тарту, халықтың әл-ауқатын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев электр энергетикасы саласын дамыту, елдің энергетикалық әлеуетін нығайту және электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерге тоқталды.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыспен қамту, халық табысын арттыру, еңбек нарығын дамыту және әлеуметтік қолдау мәселелерін түсіндірді.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және цифрлық экономиканы қалыптастыру бағытындағы басымдықтарды баяндады.

Жиында қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов пен Қалалық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Бақытжан Аширбаев та пікір білдірді.

Бұдан кейін делегация мүшелері Кентаудағы №5 жылу электр орталығына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты және еңбек ұжымымен кездесті.

1952 жылы пайдалануға берілген кәсіпорын электр және жылу энергиясын өндіреді. Қазіргі таңда мұнда 241 адам еңбек етеді.

Кездесу барысында энергетика саласын жаңғырту, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сала мамандарының еңбек жағдайлары талқыланды.

Вице-министрлер кәсіпорын ұжымына Президент Жолдауында энергетика саласына қатысты белгіленген міндеттерді түсіндірді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар