АУЛАЛАР ЖӨНДЕЛІП, ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ ОРНАТЫЛДЫ

Кентау қаласы – Түркістан облысының маңызды өнеркәсіптік орталықтарының бірі ретінде өзінің экономикалық әлеуетін арттырып келеді. Соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстары.

Кентау қаласы бұл бағдарламаны белсенді қолданып, қаланың сыртқы келбетін жақсартуға, жасыл аймақтарды көбейтуге және қоғамдық орындарды заманауи талаптарға сай етіп қайта құруға баса назар аударды. Биыл Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын ретке келтіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Аталған жұмыстар аясында тұрғын үй аулаларындағы автомобиль жолдары, автотұрақтар мен аяқжолдардың асфальты жаңартылды.

Абаттандыру жұмыстарының ауқымы:

Әл-Фараби көшесіндегі №55, 55а, 57, 59 және Абай даңғылындағы №10 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында, Яссауи көшесіндегі №81, 103 және Алтынсарин көшесіндегі №3, 5, 7, 9, 11 көпқабатты тұрғын үй аулаларында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар аула ішіндегі жолдардың сапасын арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін бұл аулаларда жалпы саны 7 автотұрақ орны жасақталды. Бұл автокөліктерді қою мәселесін шешуге ықпал етеді.

Бұдан бөлек, кіші Яссауи көшесінде ұзындығы 420 метрді құрайтын аяқжолға орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл жаяу жүргіншілердің қауіпсіз және ыңғайлы жүруіне мүмкіндік береді.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының рөлі:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауы – бұл елдің даму бағыттарын айқындайтын, маңызды реформалар мен бастамаларды жариялайтын құжат. 2020 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.  Осы маңызды бастаманың іске асуында Кентау қаласы ерекше көзге түсуде. Кентау қаласында “Халық қатысатын бюджет” бағдарламасы арқылы қаланың инфрақұрылымын жақсарту жобалары қарқынды жүзеге асуда.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар қала тұрғындарының белсенділігін арттырып, олардың қала өміріне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Бұл бағдарлама арқылы бірнеше аулаға балаларға арналған ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңдары орнатылды. Бұл жастар мен балалардың бос уақытын тиімді әрі салауатты өткізуіне зор үлес қосады.

Атап айтқанда, абаттандыру жұмыстары:

Ы.Алтынсарин көшесіндегі №3, 5, 7 үйлердің аулаларында;

Ясауи даңғылындағы №96, 98 үйлердің аулаларында;

Абай даңғылындағы №11 үйдің ауласында;

Д.Қонаев даңғылындағы №33 үйдің ауласында;

Төле би көшесіндегі №39 үйдің ауласында;

Ата-Түрік көшесіндегі №52 үйдің ауласында;

Ерназаров көшесіндегі №49 үйдің ауласында;

Құралбаев көшесіндегі №28 және №92 үйлердің аулаларында;

Әл-Фараби көшесіндегі №110 және 114 үйлердің аулаларында;

Ш.Уәлиханов көшесіндегі №44, 48, 136 үйлердің аулаларында;

Т.Рысқұлов көшесіндегі №63 үйдің ауласында жүргізілді.

Бұл жұмыстардың барлығы қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Жаңа ойын алаңдары мен спорт нысандарының пайда болуы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындар арасындағы байланысты жақсартуға ықпал етеді.

Алдағы уақытта өзге де аулаларды абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, бұл Кентау қаласының одан әрі көркейіп, өркендеуіне жол ашады.

Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың жасыл белдеулерін кеңейтуге, экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың демалыс орындарын көбейтуге бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар